«S-Group» қаржылық пирамидасын ұйымдастырушысы сотталды. Бұл туралы «Астарлы ақиқат» ақпарат агенттігі жариялады.
Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты, аса ірі мөлшерде тартылған қаражатты қабылданған мiндеттемелердi қамтамасыз ететiн кәсiпкерлiк қызметке пайдаланбай, жеке тұлғалардың ақшасын қайта бөлу және бiр қатысушыларды басқалардың жарналары есебiнен байыту арқылы осы активтердi тартудан табыс алу (мүлiктiк пайда табу) жөнiндегi қызметті ұйымдастыру бойынша, ҚР ҚК 217-бабы 3-бөлігінің 2) тармағы) айыпталған М.-ға қатысты үкім шығарылды.
2020 жылдан 2022 жылға дейін «Instagram» және «TikTok» әлеуметтік желілері арқылы М. «S-Group» қаржылық пирамидасының қызметін белсенді түрде жарнамалап, ол арқылы презентациялар, Zoom конференцияларын өткізіп, ҚР азаматтарын «S -Group» қаржы пирамидасының салымшысы болуға үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп, тартқан.
Осыдан кейін сотталушы оларды кеңсесіне шақырып, ешқандай да күш жұмсамай-ақ жоғары қайтарымын уәде етіп, оларды тіркеген және олардан қолма-қол ақша алған.
2020 жылдан 2022 жылға дейін тартылған қаражаттың (келтірілген залал) жалпы сомасы 83,1 млн. теңгені құраған.
Сот үкімімен М., ҚР ҚК-нің 217-бабы 3-бөлігінің 2) тармағы бойынша кінәлі деп танылып, оған азаматтардың қаражаты мен инвестициясын тартуға байланысты коммерциялық және коммерциялық емес ұйымдарда басшылық лауазымдарды атқару құқығынан 7 жылға айыра отырып, 7 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
52,6 млн. теңге азаматтық талап қою қанағаттандырылды (қалғаны татуласуға байланысты талап қоюдан бас тартты)
Үкім заңды күшіне енген жоқ.
сурет шартты
Астана қаласы