Мектептің бас есепшісі 7 жылға бас бостандығынан айырылды. Бұл туралы «Астарлы ақиқат» ақпарат агенттігі жариялады.
Қызылорда облысының Арал аудандық сотында сотталушы Ж.-ға қатысты, Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 189-бабы 4-бөлігінің 2-тармағымен (сеніп тапсырылған бөтен мүлікті аса ірі мөлшерде иемденіп алу арқылы жымқыру) қылмыстық іс бойынша сот үкім жариялады.
Сотталушы Ж., орта мектептің бас есепшісі қызметін атқарып жүріп, 2023 жылдың қаңтар айынан 2024 жылдың қыркүйек айлары аралығында, өзінің есеп шотына негізсіз қаражаттар аударып, өзінің қызмет бабын пайдалана отырып, сеніп тапсырылған бөтен мүлікті аса ірі мөлшерде иемденіп алу арқылы жымқырған. Сотталушының қылмыстық әрекеті салдарынан мемлекетке 20 417 530 теңге шығын келтірілген.
Сот үкімімен сотталушы ҚК-нің 189-бабы 4-бөлігінің 2)тармағымен кінәлі деп танылып, қаржылық материалды жауапты қызметпен айналысу құқығынан 10 жыл мерзімге айыра отырып, 7 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Қылмыспен келтірілген шығын мемлекет пайдасына өндірілді.
Сондай-ақ, құқық бұзушылықты жасауға ықпал еткен себептер мен жағдайларды жоюға бағытталған іс-шаралар қабылдау туралы жекеше қаулы қабылданған.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Қызылорда облысы