Атырау қаласының №2 сотында қызмет бабын пайдаланумен алаяқтық жасағаны, ҚР ҚК-тің 190-бабының 3-бөлігінің 2-тармағымен айыпталған экс- погондыға қатысты қылмыстық іс қаралып үкім оқылды.
Сотталушы Атырау қаласы полиция бөлімінің лауазымды тұлғасы бола тұра, басқа лауазымды тұлғаның өндірісіндегі қылмыстық істі тоқтату үшін күдіктінің ағасынан 300 мың теңге алған.Сотталушының кінәсі әңгімелесу жазбаларымен, жәбірленуші және куәлардың жауаптарымен, жасырын тергеу әрекеттерінің нәтижелерімен, сот-фонографиялық және психологиялық-филологиялық сараптамалар қорытындыларымен дәлелденді.
Кәмелетке толмаған балаларының болуы – жаза мен жауапкершілікті жеңілдететін мән-жай ретінде, қабылдаған антын бұзуы – ауырлататын мән-жай ретінде танылды.
Сотталушыға өмір бойы мемлекеттік қызметте, мемлекеттік ұйымдарда және квазимемлекеттік секторда лауазымдарды атқару құқығынан айыра отырып, жымқырылған мүліктің жиырма еселенген мөлшерінде 6 млн теңге айыппұл салу жазасы тағайындалды. Ол «полиция лейтенанты» шенінен айырылды.
Жәбірленушінің жымқырылған мүліктің құнын өндіру туралы азаматтық талабы толығымен қанағаттандырылды.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.
Атырау облысы